ҚМГ Каспий аймағының қоршаған ортасын қорғау бастамасының құрамына кірді

2020 жылғы 14 қыркүйекте Баку қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы, BP Exploration (Caspian Sea) Limited, Equinor Apsheron AS және TOTAL E&P Absheron B. V. арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум Каспий өңірінің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі бастаманы (Caspian Environmental Protection Initiative — «CEPI») құруды көздейді. Бастаманың негізгі мақсаттары - қоршаған ортаны қорғау және аймақта жұмыс істейтін халықаралық мұнай компанияларын бірлесіп зерттеу үшін алғашқы платформа құру. Қатысушы компаниялардың қызметі Каспий өңірінің экологиялық орнықтылығына қатер төндіретін климаттың өзгеруі проблемасын шешу және қоршаған ортаға парниктік газдар мен зиянды заттар шығарындыларының алдын алу мақсатында бірлескен белсенді күш-жігерге бағытталатын болады. Бұдан басқа, CEPI шеңберіндегі ынтымақтастық қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық әдістерді, стандарттар мен технологияларды зерттеуді және қолдауды, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша бірлескен профилактикалық шараларды әзірлеуді және іске асыруды, ақпараттық-ағартушылық және насихаттық науқандарды ұйымдастыруды, өңірдегі мүдделі тұлғаларды және реттеуші органдарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысуға тартуды және т. б. көздейді. «ҚазМұнайГаз» климат, қоршаған ортаны қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау сияқты экологиялық аспектілерге үлкен көңіл бөледі. Біз өзіміздің 2028 жылға дейінгі Даму стратегиямызда орнықты дамуды өзіміздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі ретінде айқындадық. Бұл бастама диалог пен консультациялар үшін тамаша алаңға айналатынын, сондай – ақ Каспий өңіріндегі табиғатты қорғау міндеттеріне қол жеткізу бойынша бірлескен іс-қимылдағы маңызды қадам болатынына сенімдімін», - деп мәлімдеді ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев. CEPI-ге қатысу белгілі бір жауапкершілікті, белгілі бір міндеттерді немесе осы қызметті жүзеге асыру үшін уақытты қарастырмайды. Бұл ретте CEPI құрамына басқа да компаниялар кіре алады. *ҚМГ-ның Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі туралы неғұрлым егжей-тегжейлі ақпаратпен ҚМГ-ның орнықты дамуы туралы есепте (компанияның орнықты дамуға, әлеуметтік , экономикалық және экологиялық жауапкершілікке көзқарасын ашатын есеп), сондай-ақ 2019 жылдың қорытындылары бойынша the Carbon Disclosure Project (қоршаған ортаның ластануы бойынша ақпаратты ашу жобасын жүргізетін тәуелсіз ұйым) климаттық және су сауалнамаларында танысуға болады.