Елбасы Жолдауы төңірегіндегі терең әңгіме

2014 жылдың 21 қарашасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ында  Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасы күнгі Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын талқылау жөніндегі «дөңгелек үстел» мәжілісі болып өтті.

Шараға ҚР Президенті  Кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Дәурен Абаев, ҚМГ басшылары мен қызметкерлері, ұлттық компанияның еншілес және тәуелді ұйымдарының өкілдері қатысты.

Д.Абаев өз сөзінде атап өткендей, Елбасы Жолдауы айқын мақсат, анық бағдар беріп отыр. Жаңа Жолдау шын мәнісінде Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге қадам бастайды. Бұл іргелі құжатта Елбасы алдағы жылға айқын әрі қолжетімді мақсаттар белгіледі. Сондықтан оны  тыңғылықты  талқылаудан өткізіп, жұмыс  жоспарын құру керек.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ адами ресурстарды басқару және еңбекақы жөніндегі басқарушы директорыС. Әбденов өз сөзін Жолдаудағы өзекті мәселелерге арнады. ҚМГ-нің қаржылық-экономикалық көрсеткіштеріне әсер ететін қазіргі таңдағы әлемдік рыноктағы мұнайға бағаның барынша құлдырау жағдайы және шығындарды қысқарту жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткізілді. Алайда, күрделі және операциялық шығындарды еріксіз қысқарту жағдайында да ҚМГ компаниялар тобында әлеуметтік шығындарды бұрынғы деңгейінде сақтау қажеттілігі туралы атап өтілді.

Мәжіліс соңында Мемлекет басшысының Баспасөз хатшысы қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. ҚМГ қызметкерлері де қазақстандықтарды толғандыратын мәселелер төңірегінде өз ойларымен бөлісті.